вторник, 15 октября 2024
,
USD/KZT: 425.67 EUR/KZT: 496.42 RUR/KZT: 5.81
Подведены итоги рекламно-медийной конференции AdTribune-2022 Қаңтар оқиғасында қаза тапқан 4 жасар қызға арналған мурал пайда болды В Казахстане планируется ввести принудительный труд в качестве наказания за административные правонарушения Референдум - проверка общества на гражданскую зрелость - Токаев Екінші Республиканың негізін қалаймыз – Тоқаев Генпрокуратура обратилась к казахстанцам в преддверие референдума Бәрпібаевтың жеке ұшағына қатысты тексеріс басталды Маңғыстауда әкім орынбасары екінші рет қызметінен шеттетілді Тенге остается во власти эмоций Ресей өкілі Ердоғанның әскери операциясына қарсы екенін айтты Обновление парка сельхозтехники обсудили фермеры и машиностроители Казахстана Цены на сахар за год выросли на 61% Научно-производственный комплекс «Фитохимия» вернут в госсобственность Сколько налогов уплачено в бюджет с начала года? Новым гендиректором «Казахавтодора» стал экс-председатель комитета транспорта МИИР РК Американский генерал заявил об угрозе для США со стороны России Меркель впервые публично осудила Россию и поддержала Украину Байден призвал ужесточить контроль за оборотом оружия в США Супругу Мамая задержали после вывешивания баннера в поддержку политика в Алматы Казахстан и Южная Корея обсудили стратегическое партнерство Персональный охранник за 850 тыс тенге: Депутат прокомментировал скандальное объявление Россия и ОПЕК решили увеличить план добычи нефти Рау: Алдағы референдум – саяси ерік-жігердің айрықша белгісі Нью-Делиде Абай мүсіні орнатылды «Свобода 55»: иммерсивный аудиоспектакль про выбор, свободу и январские события

Дінмұхаммед Қонаев: Әлихан Бөкейхан... Алты алаштың пірі, рухани көсемі...

Қазақстан Компартиясы ОК-нің 1 хатшысы ретінде елді 26 жыл, Министрлер Кеңесінің төрағасы ретінде тағы 7 жыл басқарған Дінмұхамед Қонаев өмірінің соңғы жылында бір журналистке 60 жылдай жасырып келген осындай жан сырын ашып айтыпты. Димекең бір Алаш көсемімен емес, оның жалғыз ұлы Өкітаймен араласып, Смағұл Сәдуақасұлы, Әлімхан Ермекұлы, Жақып Ақбайұлдарын жақсы таныған, Мағжанның өлеңін жатқа білген екен...

           

  № 1 фото. Әлихан Бөкейхан                                № 2 фото. Дінмұхамед Қонаев
              (1866-1937)                                                                      (1912-1993)

Бұл тарихи мәлімет кімге болса да ашық аспаннан жай түскендей әсер етер еді. Димекеңнің Алты Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан мен Алаш қайраткерлері туралы жан сырын 1992 жылы, яғни дүние салуынан 1 жылдай бұрын, Ақтоғайлық журналист Махмұт Жарылғап жазып алып, 1998 жылы Қарағандыда бар-жоғы 500 данамен ғана жарық көрген «Алаштың Ақтоғайы» атты шағын кітапшасында жариялаған екен. Д.А. Қонаевтың Ә.Н. Бөкейхан туралы әңгімесі жазылған кітапша шыққанын Алаш көшбасшысының жиен немересі Ортай ақсақал Әбдірахмановтың аузынан естігенде, кітапшаның өзі қолыма тигенше сенер-сенбесімді білмегенімді жасыра алмаймын.

Айрықша тоқталғым келетіні: Ортай ақсақал Димекеңнің жан сыры туралы әңгімесін Ақтоғайдағы Ә.Н. Бөкейхан атындағы мектепте Алты Алаш көсемінің мұражайын ашу салтанатына қатысып, Қарағанды арқылы Астанаға қайтқан жолда айтылды. Бұл    үстіміздегі жылдың 16 маусымы күні болатын. Әлиханның жиен немересі Ортай ақсақал 90-ға келіп, ауруанадан енді ғана емделіп шығуына қарамастан, атағы жер жарған атасының ең алғашқы мұражайларының бірін ашуға қалмай барған еді. Ұлт көшбасшысы Ә.Н. Бөкейханның тұңғыш мұражайы елордадағы өзінің есімі берілетін № 76 мектеп-лицейінде ашылды. Содан Ортай ақсақал Ақтоғайдан Қарағандыға оралысымен үшінші рет қатарынан микроинсульт алып, тағы да ауруханаға жатты. Бірақ сөзін жерге тастамай, «Алаштың Ақтоғайы» кітабын Астанада тұратын немересі арқылы мааған жеткізіп берді. Бұл білгенге тектіліктің белгісі еді-ау! Алайда өзі алған микроинсультынан оңалмай, 18 шілде күні бақилық болды.

Қош болыңыз, ардақты Ортай аға! Жатқан жеріңіз жұмсақ, жаныңыз жаннатта, тәніңіз рахатта болсын!

Ақтоғай аудандық газетінің редакторы болып тұрған Махмұт Жарылғап Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермекұлы, Жақып Ақбайұлы сынды Алаштың үш арысына ас берілетін 1992 жылы Алматыға арнайы келіп, Димекеңе жолығып, жоғарыда үзінді келтірілген әңгімесін жазып алыпты. Өз әңгімесін ол ұлт көшбасшысына: «Әлихан Бөкейханов ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы ғана емес, Алты Алаштың пірі, рухани көсемі болды. Оны тарих та мойындайды» - деп асқақ баға беруден бастап, - Мен Әлиханмен бір-ақ рет жүздескен жанмын. Оның өзі қас-қағым сәт қана», - деп жалғастырыпты. Әңгімесінің жалғасында Димекең 60 жылдай бұрын өзі куә болған оқиғаның жылын, ұлы Өкітай мен күйеу баласы Смағұл Сәдуақасұлының жерленген жерінен қатесіпті. Олардың әрқайсысына төменде жеке-жеке тоқталып өтемін. Ал қалғаны басқа дереккөздерімен толық расталады:

 «Москва. 1930 жыл. Студенттік шақ. Қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасов дүниеден озған азалы күн еді ол.  Москвада тұратын және оқитын қазақ жастары Разгуляев зиратына жиналды. Марқұммен қоштасуға келген халық өте көп. Солардың арасынан шағын топ оқшаулау тұр. үздік-создық келушілер Осы топқа әдейілеп бұрылып, қол алысып өтіп жатты. Күн шытымыр, аязы бет қариды. Көпшілік арасынан сына тауып, мен де сол топқа тақай түсті. Москвада үлкен қызмет атқаратын Тұрар Рысқұлов пен Нығымет Нұрмақов ағалар көзіме оттай басылды. Ортада дембелше денелі қияқ мұртына ақ кірген, шоқша сақалы салалы, жүдеу өңді ақсақал (№ 3 фото) сол қолымен жастау әйелді қолтығынан демесе (№ 4 фото), оның оң жағынан Тұрар сүйемелдеп тұр екен. Ақсақалдың оң жағынан Нығымет орын алыпты. Көбіне ақсақалға күбірлеп сөйлеп тұрған да Нығымет еді. Ана кісі оған басын изеп қана жауап беріп тұрды. Келушілер ең алдымен әлгі ақсақалдың қолын ұстап, содан соң кезекпен көңілдерін білдіріп, өтіп барады. Орта жастағы ұлты орыс нәсілдес жан ақсақалдың қолын ұзақ ұстап тұрып, көңіл айтып жатты. Мен осы сәт иін тірескен ортада жас шамасы өзіммен шамалас жігіттен «Мына кісі кім?» - деп иек қақтым. – Танымайсың ба? – деп таң қалды: - Атақты Әлихан Бөкейхан ғой! Қасындағысы қызы Елизавета. Марқұм Смағұлдың зайыбы, - деп сыбырлады».

Димекең Смағұл Сәдуақасұлын жақсы білетінін және ең бастысы – жалғыз да болса аққан жұлдыздай өткен күйеу баласынан айрылған Алты Алаш көсеміне көңіл айтқанын баяндайды:

 «Смағұл Сәдуақасовты жақсы білетінмін (№ 5 фото). Қызы әкесінің иығына әлсін-әлсін басын салып, күйзеліп-ақ тұр). Мен де Әлиханның қолын алып, содан соң кезекпен көңіл көңіл айттым. «Алла жарылқасын!» - деп Әлихан маған бас иді. Міне, Әлиханды алғашқы және соңғы көріп, жүздесуім осылай есте қалды».

Алаш арысы Смағұлдың жерленуіне куә болып, Алты Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан мен оның қызына көңіл айтқандардың ішінде қазақтың кеңестік «батрақ» жазушысы Сәбит Мұқанов пен оның зайыбы Мәриям да болған көрінеді. «Шамасы не 1932, әлде 1933 жыл, - деп жазады «Сағынышым - Сәбитім» атты естелігінде М. Мұқанова, - Бір күні Сәбит (Мұқанов) үйге асығыс келіп: «Мәриям, жинал. Смағұл Сәдуақасов қайтыс болыпты. Бүгін жерлеуге апарады екен», - Екеуіміз үйден шықтық... Бір кезде анадайдан жақындап келе жатқан арба көрінді. Мәйітті сол арбаға салыпты. Арыстай болып сұлап жатыр екен. Арба соңында ілби басып екі-үш адам келеді. Сәбит маған сыбырлап: «Әлихан Бөкейханов – қайын атасы, әйелі – Лиза, анау – баласы (Ескендір)», - деп түсіндіріп тұр. Арба ақырын жүріп келіп, есіктің көзіне тоқтады. Сәбит жақын барып амандасып, көңіл айтты. Мен шегіншектеп, кейіндеу тұрдым. Бөкейханов келбетті адам екен. Үстіне етегі жер сызған, жағасын алтайы қызыл түлкідан салған қымбат тоны бар. Кескін-кейіпі патшадай боп көрінді маған. Тәкаппар, суық жүзді...».

№ 3 фото. Қазақтың ұлттық көшбасшысы Әлихан Бөкейхан – Мәскеудегі коммуналдық пәтерінде (Большой Кисловский орамы, 4, 15 пәтер). Мәскеу, шілде, 1937 ж.

«Әлиханнан Үкітай атты ұл қалды, - деп Д.А. Қонаев Алаш көшбасшысының соңында ұрпақ қалдырғанынан да хабары бар екенін айтады, - Тұлпардың тұяғымен жұмыс бабында араласып тұрдық. Түр-әлпеті әкесіне келетін қоңырқай өңді, қапсағай денелі аса төзімді жан еді (№ 6 фото). Мамандығы геолог болатын. Кезінде Жезқазған кен орнының ашылуына Қаныш Сәтпаевпен қатар Үкітай Бөкейханов та көп еңбек сіңірді. Әкесі Әлихан ақталардан 1 жыл бұрын Карелия жерінде жүріп, дүниеден қайтты. Сүйегі сонда жерленді. Қаныштың: «Асылдан қалған тұяқ еді. Оған да қазақ жерінен топырақ бұйырмады», - деп өкіне сөйлегені есімде қалыпты. Сол Үкітайдан тұяқ бар. Москвада тұрады деп маған Хайдар Арыстанбек айтып еді. Тегі, Жақып (Ақбайұлы) пен Әлиханның ұрпақтарымен сол ағаларың жақсы араласып тұрады деп сырттай естимін...».

               

   № 4 фото. Зейнеп (Елизавета)                                 № 5 фото. Смағұл Сәдуақасұлы
Әлиханқызы Бөкейхан (1903-1971)
                                                (1900-1933)

№ 6 фото. Өкітай (Сергей) Әлиханұлы Бөкейхан (1905-1957)

Енді Димекеңнің қателескен сәттеріне тоқталайын. Біріншіден, Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы 1930 жылы емес, 1933 жылдың желтоқсанында Кремль ауруханасында қайтыс болып (оның жары Зейнеп-Елизавета Әлиханқызы Сәдуақас өзінің күйеуін жоғарғы жақтың тапсырысымен қасақана өлтірді деп күдіктенді. Ондай күдікке толық негіз де жоқ емес-ті. – С.А.), сүйегі Разгуляев емес, Дон зиратының крематорийінде өртеліп, күлі 2011 жылға дейін дерлік сол зиратта құмырада сақталып келді. Ұмытпасақ, Смағұлдың жатқан Дон зиратын алғаш рет 1991 жылдың тамызында жас ғалым күнінде академик Дихан Қамзабекұлы тауып, оны 2011 жылы Мәскеуден алып келіп Астанадағы бабалар қорымына жерледі.

Алты Алаш көшбасшысының қызы 1903 жылы Омбыда дүниеге келген, азан шақырып қойған қазақша есімі Зейнеп, Мәскеуде паспорт бергенде жазылған есімі – Елизавета, жақындары, достары Лиза десе, әкесі Лиза-жан дейтін. Шамамен 1923-1924 жылдардың бірінде Смағұлға күйеуге шығып, одан Ескендір есімді ұл қалды (№ 7 фото).

Әлиханның ұлы 1905 жылы Санкт-Петерборда туған. Азан шақырып қойған есімі Өкітай (орысша Үгедей), Мәскеуде паспорт алғанда жазылған есімі – Сергей. Оның кіндік әкесі - ұлт көшбасшысының жақын досы, Конституциялық-демократиялық партиясы, І Мемлекеттік дума әрі «Ресей халықтарының Ұлы Шығысы» (1910 жылы түбегейлі қайта құрылғанға дейін «Полярная звезда», яғни «Темірқазық» деп аталды. – С.А.) масон ложасына бірге мүше болған үзеңгілесі князь Дмитрий Шаховской болатын (№ 8 фото). 

       

№ 7 фото. Ескендір (Кенка) Смағұлұлы           № 8 фото. Дмитрий Иванович Шаховской 
Сәдуақас - Ә.Н. Бөкейханның жиен-
немересі (1925-1941). Мәскеу, 1941 ж.              

Әлиханның ұлы Өкітай, Мәскеудің тау-кен институтын бітіріп алған мамандығы бойынша расында да геолог еді. 1937 жылдың шілдесінде ақырғы рет тұтқындалып, Мәскеудегі Бутырка түрмесінде ОГПУ НКВД тергеушісіне 28 шілде күні берген алғашқы жауаптарының бірінде Әлиханның өзі атап көрсеткендей, Өкітай-Сергей «Главцветметалл» мекемесінің инженері қызметін атқарды. Ұзақ жыл өте келе Әлекеңнің қызы - Зейнеп-Лизаның Ленинград пен Мәскеуде институт пен аспирантурада оқыған кезінде туған ұлындай болып немере інісі Сырым Бөкейхан (Бөкейханов) өз естелігінде: «Ұзақ уақыт Қазақстанда, Сәтпаев қаласында жұмыс істеді. Ол кезде, шыны керек, қала басқаша аталатын. Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың өзі Сергей (Өкітай) жұмыс істеген кешенді бригаданың құрамында болды», - деп жазды. Естелігінің 5-тарауында сырым белгілі геолог, Социалистік еңбек ер В.И. Штифановтың естелігінен мынадай үзінді келтіреді: «Сергей (Өкітай) Әлиханұлын Жезқазғанда көре алмадым. Бұл жерде ол менен бұрын істепті. Бірақ мен оны жақсы білетінін. Мен алғаш рет оны 1944 жылы Мәскеуде КСРО-ның түрлі-түсті металдар министрлігі өткізген беделді мәжілістердің бірінде көрдім және тыңдадым. Онда Сергей Әлиханұлы өте мазмұнды баяндама жасады. Ол кезде Сергей Оңтүстік Уралда үлкен геологиялық экспедицияны басқаратын».

Сырым өз естелігінің осы 5-тарауында Өкітай ағасы туралы: «Ол танымал геолог болатын. Оның жемісті ғылыми және өндірістік жұмыстар атқарғанын КСРО Ғылым академиясының Мәскеудегі сессиясында жасаған «Структурные и рудные районы Джезказгана» атты баяндамасы толық дәлелдейді. Бұл баяндама «Үлкен Жезқазған» атты 1935 жылы жарық көрген 700 беттік монографияның бүкіл бір тарауын алды», - деп жазды.

Марқұм Сырымның (2013 жылдың желтоқсанында Алматыда қайтыс болды. - С.А.) бұл пікірін Дінмұхамет Қонаев: «Жезқазған кен орнының ашылуына... Үкітай Бөкейханов та көп еңбек сіңірді», - деп толықтырды. Десе де егер Өкітай-Сергейдің әлгі «Структурные и рудные районы Джезказгана» атты баяндамасына назар аударсақ, оның авторын Жезқазған кен көзін алғаш ашқан және оны игерушілердің бірі деп ашық айтатын кез әлдеқашан келген еді. Басқаша айтқанда Өкітай-Сергей Бөкейханның 1935 жылы КСРО Ғылым академиясының сессиясында жасаған баяндамасы Жезқазған кен көзінің игерілуінде шешуші рөл ойнады. «Большой Джезказган» монографиясында Өкітайдың қомақты баяндамасынан кейінгі беттерде Қаныш Сәтпаевтың «Месторождения полиметаллов в пределах Джезказганского района» және «Месторождения рудного золота Джезказган-Улутавского района» атты екі шағын мақаласы басылып шықты. Бірақ ол екеуі Өкітайдың баяндамасын толықтыратын.

Алайда оның маңдайына Жезқазған түрлі-түсті металл кен көзіне сіңірген ғылыми-өндрістік қызметінің жемісін көру жазбапты. КСРО Ғылым академиясының сессиясынан 2 жылдай өте, 1937 жылдың 27 қыркүйегінде әкесі Әлихан Бөкейхан «Қазақстандағы Кеңес өкіметінің № 1 жауы» деген нақақ айыппен өлім жазасына кесілген соң, Өкітай Бөкейхан Жезқазғандағы жұмысынан босатылып қана қоймай, бүкіл Қазақстан аумағынан біржола қуылды. «Халық жауының ұлы» ретінде өзінің тұтқындалуы мүмкіндігін ескерген Өкітай Мәскеуге де қайта алмады. Мәскеуде аяғы ауыр әйелі Зинаида (үйде «Зина» дейтін) Бөкейхан мен туған апасы, қолында кәмелетке толмаған жалғыз ұлы Ескендір қалған, марқұм Смағұлдың жесірі Зейнеп (Елизавета) алаңдап отырды (№ 9, 10 фото). Туған атасы өлім жазасына кесілуінен тура 1 жыл 1 ай өткен 1938 жылдың 26 қазанында Мәскеуде дүниеге келген өз ұлы Евгениймен Өкітай оның жасы оннан асқанда бір-ақ көрісті (№ 10 фото). Жезқазғанда бастап кеткен жұмысын жалғастыру үшін туған еліне оралмақ болған талай әрекеті нәтиже бермеген соң, «Қазақстандағы Кеңес өкіметінің № 1 жауының ұлы» қызмет бабымен Ресейдің түк-түкпірінде (Оңтүстік Урал, Карелия, Хақасия және т.б.), көбіне Қазақстанмен шекаралас облыс-өлкелерінде жүрді. Соңғы демі біткенше туған еліне ораламын деген үмітін үзбеді. Інісі Сырым Бөкейханның мәліметіне қарағанда, Өкітай қысқа ғұмырының соңғы жылдарында (1954-1957 жж.) Д.А. Қонаев ойлағандай, Карелияда емес, Хақасияда қызмет істеді. Өте дарынды әрі іскер геолог-ғалым ретінде ол түрлі-түсті металл кен көздерін барлау және игеру мәселелері бойынша одақтық деңгейдегі түрлі мәжіліс пен конференцияда баяндама жасап жүрді. Дегенмен де оның өмірі туған Қазақ даласын, жазықсыз атылған әкесін, Жезқазғандағы жұмысын, Мәскеуде қалған отбасын, туған апасы мен інісін қатты сағынумен, уайыммен өтті. Міне осындай уайым-қайғыдан әбден күйзелген Өкітай 52 жасқа толысымен, әкесін ақтауға алғаш өтініш берілуінен 1 жыл бұрын – 1957 жылы тым ерте көз жұмды. Димекең ойлағандай, Карелияда емес, қайтыс болған Хақасия астанасы – Абақанда жерленді. Айта кету керек: 1958 жылы КСРО Жоғарғы Соты Зейнеп (Елизавета) Сәдуақастың әкесі Әлиханды ақтау туралы өтінішін қанағаттандырмады. Қазақ ұлтының көшбасшысы арада 31 жыл өткен 1989 жылы ғана ақталды.

      

№ 9 фото. Зейнеп (Елизавета) мен               № 10 фото. Әлихан Бөкейхан жиен немересі
Ескендір – Ә.Н. Бөкейханның қызы                    Кенкамен (Ескендірмен), Мәскеу, 1935 ж.
мен жиен-немересі. Мәскеу, 1938 ж.

Димекең өз әңгімесінде атап өткендей, Н. Нұрмақұлы мен Т. Рысқұлұлы шынында да 1930-жылдарды Мәскеуде партия мен үкімет құрамында жауапты қызметтер атқаратын. Оның ішінде Нығымет 1931-1937 жылдары Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті (БОАК) хатшысының орынбасары, БОАК Төралқасының ұлттар істері бөлімінің меңгерушісі (№ 12 фото), Тұрар – 1926-1937 жылдары РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары болды (№ 13, 14 фотолар).

Бір ерекше қызық жайт: Димаш Қонаев Мәскеуге оқуға жалғыз бармаған. Димекеңнің бала күнінен бергі досы әрі курстасы Әнуар Ипмағамбетұлы журналист Жылқыбай Жарылғапұлының ««Тіршіліктен» тамыр тартқан тұлғалар» атты мақаласында келтірілген естелігінде былай деп есіне алады:

 «1930 жылы Димаш екеуміз оқу іздеп, Мәскеуге аттандық. Ашаршылық әлі басыла қоймаған қиын кезең болатын. Азық-түлік жоқтың қасы. Екеуміз құрт-ірімшік салған қос қоржынымызды құшақтап, Қазан вокзалына келіп поездан түстік. Вокзалда ұры-қары, босқын бұзақылар көп. Түн іші, қайда баратынымызды да білмей, екеуміз вокзал ішінен әрең дегенде бір бос орындық тауып отырдық. Бар байлығымыз –қос қоржынымызды ортаға алып, ұйықтамасқа серт беріп отырмыз.

№ 11 фото. Өкітай (Сергей) мен Евгений – Алты Алаш
көшбасшысы Ә.Н. Бөкейханның ұлы мен немересі. Мәскеу, 1952 ж.

     

Фото № 12. Нығымет Нұрмақұлы                               Фото № 13. Тұрар Рысқұлұлы
                  (1895-1937)                                                                      (1894-1938)

Қанша отырғанымыз белгісіз, жолсоқты болған екеуміз де ұйықтап кетіппіз. Бір уақытта көзімді ашсам, әдемі киінген, көзіне ұзын баулы пенсне таққан, мұрнының астында кішкене мұрты бар біреу дәл жанымызға келіп, бізге тесіле қарап тұр. Жүрегім тас төбеме шықты. Жалма-жан жұлқылап, Димашты ояттым. Оның да үрейі ұшып кетті. Қазан вокзалындағы қаптаған адамдардың ортасындағы қалың күпі, елтірі тымақ киген екі қазақ баласында бұл «жапондықтың» не шаруасы барын білмей дал болып отырмыз. Кенет ол: «Қазақтың баласысыңдар ма?» деді, таза қазақша. Біз шешеміз ұл тапқандай қуанып, жалпылдай кеттік. Сөйтсек, бұл атақта Нарком Тұрар Рысқұлов екен... Шетелдік бір делегаттарды шығарып салу үшін вокзалға келіпті. Шығар есіктің дәл алдында құшақтаса ұйықтап жатқан елтірі тымақты екі баланы көріп, әдейі бұрылыпты. Содан Тұрар аға бізді әй-шәйға қаратпай вокзалдың алдында тұрған «ЗИМ» машинасына мінгізіп, үйіне алып келді. Осы үйде Димаш екеуміз оқуға қабылданып, жатақхана алғанша, бір айдан астам уақыт жаттық…».

№ 14 фото. Бүкілресейлік (бәлшебектік) коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бас хатшысы И.В. Сталин бастаған Қазақ АКСР-ның партиялық-үкіметтік басшылығы: екінші қатарда (солдан оңға қарай) бірінші отырған Ф.И. Голощекин, С. Сәдуақасұлы (екінші), Ж. Мыңбайұлы (үшінші),  И. Сталин (төртінші), белгісіз (бесінші), Н. Нұрмақұлы (алтыншы), бейтаныс (жетінші). Мәскеу, Кремль, (шамамен) 1927 ж.

С. Сәдуақасұлын жерлеу кезінде Димаш Қонаев «Мына кісі кім?» деп сұраған «жас шамасы өзімен шамалас жігіт» өзінің жақын досы әрі курстасы Әнуар Ипмағамбетұлы болса керек. Оны досы ретінде атағысы келмеуінің сыры – Әнуардың тегі төре болатын. Ол аздай, әкесі – Нұрғали Ипмағамбетұлы - қазақтан шыққан тұңғыш дәрігердің бірі, І Дүниежүзілік соғыс жылдарында әскери госпитальді басқарған, ал 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Халел және Жиһанша (Жанша) Досмұхаметұлдарымен бірге Оралда «Алаш» партиясы бөлімін құруға белсенді атсалысқан. 1919 жылы казактардың қолынан қаза тапқан.

Димекең өз естелігінде Алты Алаш көшбасшысы өзіне көңіл айтқан студент Димашқа «Алла жарылқасын!» деп бас игенін айтады. Қыр баласы - Елағасы Әлиханның «Қазақ» газеті сандарындағы көптеген мақаласынан әдетте «Тәңірі жарылқасын!» айтатынына көз жеткіземіз.

Өкітай Бөкейханның Хақасияда жерленуіне байланысты Димаш Қонаевтың «Оған да қазақ жерінен топырақ бұйырмады» деген Қаныш Сатпаевтың 1957 жылғы сөзін ұмытпауына қарағанда, екеуі марқұмның аруағына бағыштап бірге ас бергенге ұқсайды. Әрине, астыртын түрде. Себебі, біріншіден, Өкітай-Сергей өмірден өткен жылы Димекең Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, ал Қанекең – Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті әрі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болатын. Екіншіден, сол астан 6 жыл бұрын, 1951 жылы Қ.И. Сәтпаевтың өзіне «партия мүшелегіне өтерде өзінің әлеуметтк тегін жасырды, ұлтшылдарды қорғады және 1917 жылы «Алаш» партиясының насихатшысы болғанын жасарды» деген зіл айыптар тағылды. Соның салдарынан Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті лауазымынан және ҒА Төралқасы мүшелігінен босатылды. Қазақ КСР-ның партия басшылығы ауысқан 1955 жылы ғана Қаныш Сәтпаев ҒА президенті қызметіне қайта оралып, 1956 жылы – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне мүше болып сайланды.

Айрықша назар аударатын тағы бір жайт: 1962 жылы Қазақстан мен КСРО Ғылым академияларының Төралқалары Қ.И. Сәтпаевқа Социалистік еңбек ері атағын беру туралы бастама көтереді. Алайда Д.А. Қонаев ол атақты Қ. Сәтпаевқа бергізбеді. Жезқазған кен орнының ашылуына Өкітайдың Қаныштан артық болмаса, одан бір кем еңбек сіңірмегенін, алайда барлық атақ-даңққа (бірнеше орден, Мемлекеттік сыйлық, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҒА президенті және т.б.) бір Қаныштың ие болғанын жақсы білетін Димекең оған енді еңбек ері атағын да беруге қарсы шыққан болса – ғажап емес. 1960-жылдарға қарай Димекең мен Қанекеңнің арасы суып кеткені жақсы мәлім.

Д.А. Қонаев өз әңгімесінде 1933 жылдың желтоқсанында Алты Алаштың пірі, қамқоршысы Әлиханмен «алғаш және соңғы рет жүздесуім» дейді. Дегенмен де Алты Алаш көшбасшысының 1937 жылдың 6 тамызында Бутырка түрмесінде ОГПУ НКВД тергеушісіне берген ақырғы жауабында: «Мәскеуде әр кезде кейбір қазақ студентімен байланыста болдым. Олар менің пәтеріме келіп тұратын... В 1933 жылы, әлі есімде, оларға қазақ халқының қазасы туралы айттым» (Түпнұсқасында: «В Москве в разное время я имел связь с некоторыми студентами-казахами. Они посещали меня на квартире... В 1933 году, я помню, я говорил о гибели казахского народа»), - деген сөзі еріксіз ойға қалдырады. Ұлт көшбасшысының коммуналдық пәтеріне барып тұрған қазақ студенттерінің ішінде жас Димаш болған жоқ па екен? Бұл енді мәңгі жауапсыз қала беретін сауал болуы да мүмкін. Бірақ Дінмұхамет Қонаевтың жоғарыда журналистке айтқан жансыры, негізінен, қасқағым сәттер мен әртүрлі кезеңдегі оқиғалардың үзінділері, жеке-жеке эпизодтардан құралғанын байқамау қиын емес. Оны да ұмытпау керек.

Мақала АР05132901 ғылыми гранттық жобасы және BR05236848 бағдарламалық мақсатты қаржыландыру жобасының аясында жарияланды.

 

Оставить комментарий

Общество

Страницы:1 2 3 4 5 6 ... 33